|
![]() |
||||
|
|
|
» Главная » РИЦ «Логос СКО» » Сборник сочинений победителей конкурса «Абай мен Пушкин менің өмірімде» Ташкенова Әсел. Қайрат орта мектебі, Уәлиханов
Ташкенова Әсел /11-сынып/Қайрат орта мектебі Уәлиханов ауданы
Абай мен А. С. Пушкин шығармашылығының бүгінгі күннің жасы менің өмірімде қандай маңызы бар? Бұл сұрақ төңірегінде ой толғау үшін, алдымен, осы тақырыпқа қатысты мына мәселені шешу керек деп ойлаймын. Осыдан жүздеген жыл бұрын мүлде басқаша сипаттағы ортада өмір сүрген ақындар мен дамыған өркениет ғасырындағы жастар үшін ортақ не болуы мүмкін? Неліктен екі ақынның қалдырған мұрасы бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ? Абай мен А. С. Пушкин шығармаларындағы үндестік қайдан туды? Неге Абай атамыз өмірінің белгілі бір кезеңінде қыстың ұзақ түндері бойы А. С. Пушкин поэзиясының тереңіне бойлап ұзақ отырды? Менің ойымша, Абай да, А.С.Пушкин де өз шығармаларында жалпы адамзат үшін мәңгілік маңызын жоймайтын, соған асық болар құндылықтарды жырлаған. Олар: адамгершілік, тазалық, сезімнің сұлулығы, парасаттылық, отанды сүю, өнерді құрметтеу, еркіндік, әділеттілік. Қазақ халқының өз қызындай болып кеткен Татьянаның Онегинге жазған хатын алатын болсақ, хаттың алғашқы жолдарынан бастап-ақ сезімнің тереңдігін, сұлулықты, махаббатты, шынайылық пен тазалықты, жасөспірім қыз жанының нәзіктігін, жалпы адамның ішкі дүниесін көркейтетін қасиеттерді көреміз. Бұл менің замандастарымның, яғни қазіргі жас жігіттердің қай-қайсысы болмасын қыз бойынан көргісі келетін қасиеттер емес пе?
Япырмау, қайтіп айтармын?! Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартармын. Қай заманда болмасын ұлы ойшылдар, ғұламалар өздерінің туған жұртын ғана емес, ғаламдық ой-парасатты да құрметтеген. Сондай ғаламдық тұлғалардың қатарында қазақтың данышпан ақыны Абайды, орыстың ұлы жыршысы А. С. Пушкинді атауға болады деп ойлаймын. Ұлы ақындардың есімі екі ұлттың құдіреттілігін танытатындай. Сондықтан болар Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «Қазақтың бас ақыны» десе, Аполлон Григорьев: «Пушкин наше все» деп жоғары баға берген. Абай атамыз туралы, оның ақындығы, ойшылдығы, дарындылығы жөнінде талай ғалымдар мен әдебиетшілер жазған, жазып келеді, жаза да бермек. Ұлы ақынымыз өзінің ізденімпаздығының арқасында орыс тілін жақсы меңгеріп, орыс халқының рухани мәдениетінің ең бағалыларын тауып, таныды. Абай орыс жазушыларының шығармаларынан өз поэзиясына арқау болар тамаша ойлар тапты. Орыс әдебиетін оқып үйренген кезде Абайдың алдыңғы кезекте оқыған ақындарының бірі А. С. Пушкин болды. Абай атамыздың ақындық мәдениетті жетілдіруде, ақынның өмірдегі орны мен көркем сөздің рөлі туралы ойлануында басқа да орыс жазушыларымен бірге Пушкиннің де ықпалы зор. Осының бәрі қазақ ақынының көзқарасымен, бүкіл сана-сезімімен қайнап бітісіп, екі ұлы ақынның қос жүрегі қатар соғып тұрғандай. Өмірді шынайы суреттеп, халқын шексіз сүйген, ұлттың ауыз әдебиетінен нәр алған, халық поэзиясын жақсы білген және мол пайдаланған ұлы орыс ақыны қазақ ақынына осы жағынан күшті әсер етті. А. С. Пушкин шығармаларын аудару, оны танып, бағалай білу Абай ұлылығының бір жарқын көрінісі деп түсінемін. Орыстың ұлы ақыны А. С. Пушкиннің өмірі мен шығармашылығы әлемдік әдебиет тарихында, әсіресе, орыс әдебиеті тарихында ең көп әрі мол және толассыз зерттелумен келеді. Зерттеулерге зер сала оқып отырсам, А. С. Пушкин орыс әдебиетіне заман талабына сай тың ақындық ой-сезім әкелген, орыстың ұлттық көркем ой жүйесін керемет өнерпаздығымен, мүлдем басқаша қалыптастырған екен. А. С. Пушкин поэзиясының бұрынғы әдебиеттен ерекшелігін айқын танытатын қасиет ондағы азаматтық, революциялық идеялардың қуаттылығы. А.С. Пушкин орыс халқымен тарихи жақын, тағдыры бір, туыстас барлық халықтардың өміріне үңіле қарады. Ресей халықтарының бәрінің тілек-мүддесін, арманын терең түсінді. Қазақ жерінде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Ол «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық дастанының мазмұнын жаздыртып алады. Қазақтар туралы ақын өзінің «Капитан қызы», «Пугачев бүлігінің тарихы» атты кітаптарында айтып өтеді. Міне, мұның өзі ұлы ақынның бір ғана өз ұлтының шеңберінде қалып қоймай, жалпыадамзаттық құндылықтар қорына қосылатын мәдениеттерді тани алатын ғаламдық парасат иесі екенін көрсетеді. Қазақстанның әлемдік мәдениет кеңістігіне кірігу үрдісінде ел келешегі жастар дәл осындай парасат иесі бола алса игі еді. Мен үшін бұл өмірлік мұратым болмақшы. Он тоғызыншы ғасырдың орыс әдебиеті үшін «алтын ғасыр» болып жүргенінің басты бір сыры А. С. Пушкиннің ұлы үлгісінде жатыр. Қазақтың ақындары А. С. Пушкинді:
Бас иген талантына үлкен-кіші. Інжу-маржан секілді өлеңдері, Өзінің қолдан соққан ескерткіші, деп жырлаған. Биылғы 2006 жылдың екі елдің басшылары Н.Ә.Назарбаев пен В. В. Путиннің бастамасымен Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы болып жариялануы екі елдің, екі халықтың бүкіл адамзатқа ортақ поэзия алыптарына деген ықыласы екенін көреміз. Алғаш Абай ақынымыз арқылы біз А. С. Пушкиннің шығармаларымен таныстық. Мен кішкентай кезімнен ақынның ертегілерін оқып, таңғажайып әлеммен және неше түрлі адамгершілік қасиеттерімен сусындап өстім. Мен үшін А. С. Пушкиннің кім екендігін түсіндіріп жату артық болар, шынымен де қос ақынның асыл туындысы әрбір қазақтың үйінде қастерлі қазынаға айналды. «Әдебиет кәсіп емес, өнер» деп қазақ сөзінің зергері Ғабит Мүсірепов бекер айтпаған. Сондықтан да шығар мыңдаған жүректерден орын алған Абай мен А. С. Пушкинге екі халықтың да тағзым етіп бас июі, әдебиет пен өнерді бағалауы. Соның бір айғағы олардың тасқа қашалып жасалған ескерткіштерінің біздің қаламыздың төрінен орын алуы. Бұл ескерткіштер екі елдің, екі халықтың мәдениетін жақындастыратын дәнекер көпір болмақ. Мәскеудегі ұлы Абайға арналған ескерткішті ашу салтанатты рәсімінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұлы ойшылдардың туындыларындағы осыдан бір ғасыр бұрын айтқан ой толғаулары қазіргі күнге дейін өз өміршеңдігін жоғалтпағанын атап айтты. Ұлы ақын, кемеңгер ойшылдың рухани мол мұрасын жаңа көзқарас тұрғысынан жан-жақты, терең талдап тану бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған негізгі міндет. А. С. Пушкиннің шығармашылығы қазақ ақындарына үлкен әсер еткен. Мен өзім жасаған әрбір қадамымда осы ұлы ақындардың ұлағатты сөздерін күнделікті өмірде пайдалануға тырысамын. Өзінің ақын болып қалыптасуын Абай ұлылығы әлемдік деңгейде бағаланған А.С. Пушкинмен байланыстырады. Орыс ақыны А. С. Пушкинге жақындауы, екі алыптың іштей ұғынысуы, бірін-бірі тамыршыдай тап басып танып алуында үлкен сыр жатыр. А.С. Пушкин «Я вас любил» өлеңін махаббат тақырыбына арнады. Сүйгеніне жете алмауын, жауапсыз махаббатын былай суреттейді:
В душе моей угасла не совсем; Но пусть она вас больше не тревожит, Я не хочу печалить вас ничем. десе, Абай:
Сүйегім жасып, сор қалың. Сүйісіп саған тимедім, Бола алмадым сенің жарың, дей келе сүйгенінің жары болмағанына өкінеді. Абай өзі сүйе білген, өзін де сүйгізе білген, табиғаты, болмысы бірегей, «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дегенді дұғадай сан қайталаған. А.С. Пушкиннің «Евгений Онегині» Абай көңіліне тіпті жақын келді. Онегин мен Татьяна бейнесінен қазақ ақыны бірін-бірі сыйлап, риясыз сүйген жас жігіт пен қыздың тіршілік талқысының себептерінен қосыла алмай, опық жеген күйін таныды. А. С. Пушкиннің «Письмо Татьяны к Онегину» өлеңіндегі:
Что я могу еще сказать? Теперь, я знаю, в вашей воле Меня презреньем наказать. Но вы, к моей несчастной доле Хоть каплю жалости храня, Вы не оставите меня. Сначала я молчать хотела Поверьте: моего стыда Вы не узнали б никогда, Когда б надежду я имела Хоть редко, хоть в неделю раз, В деревне нашей видеть вас, деген жолдарды аудару арқылы қазақ жағдайындағы соған ұқсас тағдырлар мұңын жоқтады. Татьяна сөзі қазақ даласына ән боп тарады.
Япырмау, қайтіп айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын. Талайсыз, бақсыз мен сорлы, Еріксіз аттап ұяттан, Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан. Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де. Шыдар ем күйіп, мен жанып, Айында бірер көрсем де. Ғашықтық дертіне шалынған қыз мұңы. А.С.Пушкин шығармаларын қазақшаға аударып, шешен сайратып жіберген Абай ақынның құдіреті-ай! Қазір еліміз өркениет қатарынан көрінуде. Өркениетке еліміз жету үшін талай тағдыр тәлкегін көргені бәрімізге мәлім. Ал осы тұста Абай сөзінің мына бір мәні тағы алдымыздан шығады:
Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап. Ақын адам қоғамның бір бөлшегі, қоғамды өркениетке жеткізуде әр адам тек еңбегі мен ақылына сенсін дегенді айтады. Ендеше, ұлы адамдардың, оның ішінде халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындық, рухани үндестік, туысқандық бар. Әр түрлі тарихи географиялық ортада өмір сүрсе де, Абай мен А. С. Пушкин тағдыры, дүние танымы, адамгершілік ынта-талабы, сана-сезімі ұқсас. Екеуі де құдайға сыйынып, өз қайратына сүйеніп, адал еңбек етуді меңзейді. А. С. Пушкинді құрметтеп, қазақтың төріне шығарған ұлы Абай десек, Жамбыл ақын: «Әлемге кеткен аты бар, алтыннан жазған хаты бар, күн сөнбей, ол сөз сөнер ме?»-деп жырлаған. Сондықтан да біз екі ақынды тең ұстап, шығармашылығын оқи отырып, өлеңдерінен нәр алуымыз қажет. 2006 жылғы 3 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев Мәскеуге ресми сапармен барып, ондағы елшілігіміз орналасқан Чистопрудный бульварында Абай ескерткішінің ашылуына қатысты. Ресей Президенті В. В. Путин бұл ескерткіштің ашылуын Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастардың айтулы оқиғасы деп атап көрсетті. «Біз аса көрнекті әдебиетшіге, ақын мен ойшылға ескерткіш ашып отырмыз. Ол екі мәдениеттің өзара молығуы туралы айтқан қазақ және орыс халықтарының арасындағы рухани ықпалдастықтың қалыптасуына зор үлес қосқан адам», деп Ресей Президенті өз сөзінде атап өтті. Осындай ұлы тұлғаның бейнесі Ресейдің астанасында асқақтауы асқан құбылыс емес пе?! Екі елдің рухани ынтымақтастығының қайнар күші осы арқылы нығая түседі. Бұған қол жеткізген Н.Ә.Назарбаев пен В. В. Путиннің зор танымына ризамыз. Ескерткіштің орнатылуы тұтас қазақ мемлекетіне жасалған құрмет, екі елдің достығының, татулығының белгісі, бір-бірінің рухани құндылықтарын бағалай білгендігінің көрінісі. Өзім биылғы 2006 жылдың Абай мен А. С. Пушкин жылы боп аталуын айрықша құбылыс деп санаймын. Мен үшін екі ақынның да орны бөлек. Бұл ақындардың қай шығармаларын оқысақ та, бізді адамгершілікке, имандылыққа, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді. Мәскеу қаласында Абайға арналған ескерткіштің ашылуы Абайдың бүгінгі күнгі ұрпағы ретінде мені шексіз мақтаныш сезіміне бөлейді. Ескерткіштің ашылу салтанатына біздің өңіріміздің басшысы Т. А. Мансұровтың да қатынасуы менің өзімнің кішкентай отаным Солтүстік Қазақстан облысы үшін мақтаныш сезімімді тудырды. Өйткені менің білуімше, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстың дамуына Т. А. Мансұровтың қосып жатқан үлесі көп. Өңір басшысының ұсынысымен Петропавл қаласындағы А.С.Пушкин көшесімен түйісетін бас көшелердің бірін Абай атымен атаудың өзі тамыры терең ойларға жетелейді. Абай өлеңдерін қайта айналып оқыған сайын, мен оны жаңа қырынан тани түсемін. Асыл ойдың тереңіне бойлап кеткендей боламын. Қазақтан ұлы ақын Абай атамызға табынсам, орыстан ақын А.С.Пушкинге табынамын. Мен үшін екеуі құрметтің төрінде тұрған ақындар. Келешек жастардың қай-қайсысын болмасын қиын жолдан алып шығар шамшырақ секілді. «Екі жақсы тауға шықса, құдаласып түседі, екі жаман тауға шықса, қуаласып түседі» деп халық даналығында айтылғандай, екі ел ақыл-ойының қос алыбының мәртебесін жоғары көтере берсе, бұл менің өміріме, жас жеткіншектердің өміріне рухани азық әрі үлгі бола бермек. Мен шығармамды қорытындылай келе, «Сөйлей-сөйлей шешен, көре-көре көсем боласың» демекші, қос ақынның шығармасынан адамзаттың бойынан табылатын асыл қасиеттерді өміріме қажетті өнеге етіп алдым. Сондықтан да екі халықтың поэзия алыптары Абай мен А. С. Пушкинді бөліп жармай, керісінше уақыт өткен сайын бірін-бірі толықтыра түсетін екі алыптың мұрасын жан-жақты сабақтастыра отырып, өмірдегі рухани қажеттілігімізге жарата білуіміз керек. |
|
||
|
|||||
|
© 20052012 Северо-Казахстанский ИПК и ППК
При использовании материалов ссылка на сайт обязательна |
|||||
|
|||||