|
![]() |
||||
|
|
|
» Главная » РИЦ «Логос СКО» » Сборник сочинений победителей конкурса «Абай мен Пушкин менің өмірімде» Дәуренов Көпжасар. Ленин орта мектебі, М. Жұмабаев ауданы
Дәуренов Көпжасар /10-сынып/
Ленин орта мектебі
М. Жұмабаев ауданы
Адам баласы дүниеге келісімен, өмірдің ғажап құбылыстарының, дүниенің тылсым сырларының тереңіне бойлауға ұмтылады. Әрбір адам өзінің рухани дамуында жасыл табиғаттан, шексіз дүниеден әсер алады. Кеудесінде жаны бар, рухы жоғары адамдар дүниенің, елінің, жерінің ркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Өз Отанына, жеріне жақсылық көрсете алған адамдар қандай бақытты десеңізші! Менің ойымша, қазақ пен орыс әдебиетінің төрінен орын алған мәңгі сөнбес қос жұлдыз Абай мен Пушкин осындай бақытты жандар. Биылғы 2006 жылдың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың және Ресей Федерациясының Президенті В. В. Путиннің бастамасымен Қазақстанда Пушкин жылы, Ресейде Абай жылы болып жариялануы екі дербес мемлекеттің достығын, бауырластығын білдіреді. А. С. Пушкин сияқты ұлы ақынның аруағы қазақ жерін, ал қазақтың қайталанбас ойшылы Ресей жерін шарлағандай сезінемін. Мәскеу қаласында орнатылған Абай ескерткіші мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Т. А. Мансұровтың Петропавл қаласында Абай мен А. С. Пушкин ескерткіштерін орнату туралы бастамасы ұлы ақындардың екі елге де ортақ екендігін айғақтап тұрғандай. Ахмет Байтұрсынов Абайды «Қазақтың бас ақыны» десе, Аполлон Григоръев «Пушкин наше все» деп жоғары баға берген. Орыстың ұлы тұлғаларының бірі Н. В. Гоголь «Пушкин мәңгі сөнбес, мүмкін, орыс жанының жалғыз ғана көрінісі. Ол орыс адамы. Оның ішкі дүниесінде орыс табиғаты, орыс жаны, орыс тілі, орыс сезімі, орыс мінезі бар», деп жоғары баға берген. Расында да, Абай мен А. С. Пушкин екі халықтың өнер әлемінде кейінгі ұрпақтың ұмтылып жетуді арман етіп келе жатқан биік шың тәрізді. Абай мен А. С. Пушкиннің бізге қалдырып кеткен мәңгі сөнбес жалынды, отты сөздері әрбір жүректің нәрі. Қос елдің бас жұлдыздарының аспан болып ашылған, бұлақ болып мөлдіреген, көл болып жалтыраған, теңіз болып толқыған, гүл болып өрілген, нұр болып төгілген, жапырақ болып сілкінген, түн болып толғанған, ай болып ойланған өлеңдері жас жүректі терең ойға шомылдырады, өмірдің мәнін, оның қиындығы мен қуанышын түсіне білуге көмектеседі, сондықтан осы ұлы ақындардың шығармашылығымен танысып, олардың өлеңдерінен нәр алу біз үшін үлкен өмір сабағы деп ойлаймын. Абай мен А. С. Пушкин менің өміріме анамның айтқан әні мен ертегісі арқылы енді, содан бері екі ақынның шығармалары мен үшін таусылмас білім қазынасы болып келеді. А. С. Пушкин ертегілері арқылы мен балалық қиялымды өрбітіп, арман асқарына жүзсем, Абай өлеңдері арқылы оқу-білімнің, өнердің пайдасын түсініп, көкірегіме түйдім. Абай мен А. С. Пушкин үндестігі туралы айтсақ, ең алдымен, біздің ойымызға атақты «Евгений Онегин» романы оралады. «Евгений Онегин» романында Пушкин орыс халқының сол замандағы халық тағдыры мен екі жастың арасындағы шынайы махаббатты асқан сезімталдықпен суреттеген. Кейіннен А. С. Пушкиннің «Евгений Онегині» Абай көңілінде ерекше орын қалдырды. Онегин мен Татъяна бейнесінен қазақ ақыны екі жанның арасындағы сыйластықты, риясыз сүйген махаббатты, бірақ тіршілік толқынының себептерімен қосыла алмай, опық жеген жастар бейнесін таныды. Олардың хаттарын Абай аудара отырып, соған ұқсас қазақ жастарының тағдырын жоқтады.
Япырмау, қайтіп айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын. Талапсыз, бақсыз мен сорлы Еріксіз аттап ұяттан, Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан, деп Абай А. С. Пушкин өлеңдерін сөзбе-сөз жеткізбесе де, оның ішкі мағынасын, қыз жүрегінің нәзік сезімін қазақ танымына етене жақын етіп жеткізді. Бұл өлең жолдарында Татьянаның еріксіз ғашық болып, сүйгеніне ғашықтық сөзін айта алмай, жанының күйзелгені бейнеленген. А.С. Пушкин шығармаларынан «Евгений Онегинді» таңдап алып, романнан аудармалар жасауы Абайдың ұлылығы мен кемеңгерлігін танытады. Абайдың өлеңдері А. С. Пушкиннің өлеңдерімен үндесіп, қара сөздері тұңғиықтан шыққан терең оймен, тапқырлықпен айтылып, жан әсерлі сезімнен тұрады. Абай А. С. Пушкин өлеңдерін аудара отырып, оларды төл туынды деңгейіне жақындатып жіберген. Ақын шеберлігіне қалай таңданбассың?! Мұның өзі екі ақынның жан дүниесінің ұқсастығынан, ойларының үндестігінен туындаса керек. Тар заманның қапасынан еркіндікке бой ұрған екі ақынның терең сезімінен тебіреніп шыққан жырлары іштей жалғасып, А. С. Пушкиннің отты жыры Абайдың жүрек сырына ұласады. Қазақтың бас ақыны жазған «Адамның кейбір кездері» өлеңі мен орыстың ұлы классигі жазған «Поэт» және «Поэту» өлеңдерін салыстыра келіп, қазақ халқының атақты жазушысы М.Әуезов былай дейді: «Абай бұл өлеңінде шынайы ақындық шабыт үстіндегі шарқ ұрарлық, өскелең халді алады. Еліктеу жоқ, бірақ өз түсінігімен, өз тілімен көріктеп берген осы өлеңінде Абай Пушкин дәстүрін анық еске түсіреді». Ұлы жазушының бұл пікірінен біз Абай мен А. С. Пушкин бір-бірін аудармалар арқылы ғана толықтырып қоймай, сонымен қатар рухани жан-дүниесімен, өмірге деген көзқарастарымен де үндес екендігін көреміз.
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес! деп, Мағжан Жұмабаевтың Абайға арнап айтқан асыл сөзін А. С. Пушкинге де арнауға болар еді, себебі қос ақынның шығармалары өз мәнін әлі күнге дейін жойған жоқ. Екі ұлы ақынның шығармалары талай ұрпақтың серігі болды, бүгінгі күнде өсіп келе жатқан біздің де жан досымызға айналды, әлі де талай ұрпақтың серігі болады деп ойлаймын. Абай мен А. С. Пушкин туралы көптеген атақты адамдар өз пікірлерін білдірді, шығармашылық зерттеулер мен көркем шығармалар жазды. Мен ұлы ақын болмасам да, егеменді, тәуелсіз елімнің азаматымын, Абай мен А. С. Пушкин туындыларының мөлдір тұнығынан нәр алып өсіп келе жатқан жас өркенмін. Бұл шығармамда мен қос жұлдыздай жарқыраған ақындардың менің өмірімде қандай орын алатындығын жеткізуге тырыстым. Абай мен А. С. Пушкин шығармалары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай « жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті», сондықтан менің қос ақын шығармаларынан алатын тәлім-тәрбием әлі де мол. Абай мен А. С. Пушкиннің асыл сөздерін көкірегіне құйып өскен бала елінің нағыз азаматы болады деп ойлаймын. Мен өз шығармамды ұлы Абайдың көрегенділікпен айтқан мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? |
|
||
|
|||||
|
© 20052012 Северо-Казахстанский ИПК и ППК
При использовании материалов ссылка на сайт обязательна |
|||||
|
|||||