|
![]() |
||||
|
|
|
» Главная » РИЦ «Логос СКО» » Сборник сочинений победителей конкурса «Моя страна — мой Казахстан!» Яркович И. Шал ақын ауданы Приишим орта мектебі
Яркович Ирина /10 сынып/Шал ақын ауданы Приишим орта мектебі
Менің туып өскен жерім Қазақстан Республикасы. Қазақ халқында «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген нақыл сөз бар. Ұлтым орыс болса да, мен өзімді қазақ қызындай сезінемін. Менің жаным да, тәнім де Қазақстан елінде. Қазақстан көпұлтты, тәуелсіз мемлекет. «Бұтағы көп ағашқа құс қонар» деген сөз менің Отаныма арнайы айтылғандай. Себебі Қазақстан жерінде қаншама ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл жерді менің ата-бабаларым да мекендеген. Олар бастарына қандай қиыншылықтар туса да, мойымай өз елін қорғап қалуға ат салысқан. Менің әке-шешем де туған жерінің нағыз азаматтары деп ойлаймын. Әкем «Агросевер» жауапкершілігі шектелген серіктестігінде жемісті еңбек етуде, ал анам үй шаруашылығымен айналысады. Біз Қазақстан сияқты бай өлкеде тұратынымызды мақтан етеміз.Қазақстан -бүтін қазақ халқының ата мекені, кіндік қаны тамған киелі жер. Ол менің елім.Тұратын жеріміз Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан Повозочное ауылы. Ауылымыз шағын болғанымен, біз үшін жанымызға жақын ең ыстық, ең сұлу өлке.Туған ел мағынасы тереңде жатыр. Оның жұпар атқан жусаны, оның кеудеңе құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары, осының бәрі туған елдің бір бөлшегі.Балғын балалық шақ. Күлдір-күлдір кісінеп, айнала шапқылаған ала аяқты құлыншақ! Сәуірде бүршік атқан, қылтиып күн көзіне көрінген балауса көк шөп. өзен үстінде үйіріліп ұшқан шағала! Кемеріне еркелей соққан көгілдір көл. Күннің қызғылт шапағына бөленген үйлер, осының бәрі тұтас туған ел!
Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер. Ғашықтар бір-бірін өпкен жер, Сарылып сал-сері кеткен жер. Бас иіп, иіскеп топырағын, Тағзым жасамай өтпеңдер! Үлкен жүректі, ұлы сезімді, шалқар шабытты ақын Мұқағали жырына арқау болған біздің ата мекеніміз, қазақ даласы ұрпаққа қалдырып кеткен асыл мұрасы. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы тәуелсіз, егеменді, бақыт жолындағы еркін мемлекет. Күн сайын өміріміз жақсарып, жарқын болашаққа зор үмітпен қараймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы, балалар, сіздердің қолдарыңызда» деген сөзі бізге, жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік артады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ә.Сәрсенбаевтың:
Сен ұрпақтың күліп атар ертеңі, Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер, Көркейтуге міндеттімін мен сені, деген патриотты өлең шумақтары Қазақстан халқының әрбір азаматын елін сүюге, оның көркеюіне үлес қосуға жетелейді. Менің және менің құрбы-достарымның қосар үлесіміз терең білім алып, мемлекеттік тілді жетік меңгеру. Ұрпағы өз тілінде сөйлеген ұлттың рухы биік.
Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім! деп Мағжан атамыз жырлағандай, еліміздің егемендігін танытатын қазақ тілі болашақта толық күшіне енеді. Тек қазақ жастары ғана емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеріп, Қазақстан Республикасын дүние жүзіне танытады. Бұл ұлы Абайдың тілі. Сондықтан да мен қазақ тілін жетік меңгеруге тырысамын. Болашағымды осы ұлы Абайдың тілімен байланыстыруды мақсатын алдыма қойып отырмын. «Қазақстанның болашағы- қазақ тілінде» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай ХХІ ғасыр білімді, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтарды қажет етеді. Бүгінгі таңда тілімізді дамыту жолындағы көптеген игі істер атқарылуда. Оның бір айғағы облыс әкімі Тайыр Аймұхаметұлы Мансұров қазақ тілі мұғалімдеріне грант тағайындады. Сонымен қатар жоғарғы оқу орнындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің мамандығы бойынша ұлты орыс балаларына тегін білім алуға жол ашты. Бұл мемлекеттік тіліміздің абыройын асырып, беделін көтерген игі іс. Отаным менің мақтанышым, абыройым. Еліміздің ұлан-байтақ жері, бейбітсүйгіш халқы бүкіл әлемге танымал. Бар әлем біздің жеріміздің кеңдігіне, жер қойнауының байлығына, мекен ететін көпұлтты халқымыздың бірлігіне, қонақжайлығына қызыға да, қызғана да қарайды. Жеріміздің әсем табиғаты, сылдырлаған мөлдір бұлақтары, тұп-тұнық таза көлдері, сарқыраған өзендері, көк тіреген алып таулары барлығы мейірбан халқымыздың байлығы. Осындай бай халықтың ұлы жетістіктерге жетуі біздің қолымызда! Қазақ халқы «Елдің даңқын ер шығарады, ердің даңқын ел шығарады» деп бекер айтпаған. Елдің елдігін, адамгершілік асыл қасиетін, халқымызды айдай әлемге жар салуда, жас буын, біз де үлес қосайық! Бізге жол сілтеуші жұлдыз ол Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбітсүйгіш саясаты. Мен өз Президентіме сенемін! Отанымның жарқын болашағына сенемін! |
|
||
|
|||||
|
© 20052012 Северо-Казахстанский ИПК и ППК
При использовании материалов ссылка на сайт обязательна |
|||||
|
|||||