На главную
Главная
Новости
История
Концепция
Структура
Основные направления деятельности
Методист-учителю
Центр по работе с одаренными детьми
Творческая мастерская
РИЦ «Логос СКО»
Информация
Государственные закупки
Адрес
О проекте
Ссылки


Каталог интернет-ресурсов СКО+


catalog.Azion.kz



Лента RSS
Поиск
Мағжан Жұмабаев

Мағжан есімі жүрегімізде

С.А. Әбілкәрімов,
СҚ ПКБАҚДИ директоры

Атақты жерлесіміз Мағжан Жұмабаев ақын ғана емес, сонымен қатар атақты педагог. Оған дәлел, оның педагогика саласы бойынша жазған еңбектері. Атақты ұстаз «Алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын — мұғалімдікі» деп, ұстаз қызметіне жоғары баға береді. Мағжан Жұмабаевтың педагогика саласы бойынша жазылған еңбектері бүгінгі күнге дейін өз мәнін жойған жоқ. Оның еңбектері қазіргі ұстаздар мен ағарту саласында қызмет істеп жүрген барлық қызметкерлерге өз пайдасын тигізуде. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау — облыс мұғалімдерінің басты ісі деп есептеймін. Ақын шығармашылығына оқушыларды тарту арқылы олардың өз туған өлкесіне деген махаббат, сүйіспеншілігін арттыру, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелейді және жас ұрпақты тәрбиелеу жолында оның шығармашылығы әлі талай еңбек етері сөзсіз.

Біздің облысымызда Мағжанның асыл сөздері, ол қалдырған үлкен шығармашылық мұра кеңінен зерттелуде. Облысымызда жарық көрген «Мағжан» атты әдеби-көркем көпшілік журналын жұртшылық қуанышпен қабылдады, себебі ұлы ақынымыздың оқырманға жетпеген көптеген дүниелері бар, оқырманға таныс емес Мағжан шығармалары осы журнал бетінде жарық көреді деп үміттенеміз.

2006 жылы Мағжанның өлеңдері мен прозасының жинағы Петропавл қаласында «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Ж.Сүлейменовтың құрастыруымен жарық көрді, бұл жинақ жерлес ақынның шығармаларын сүйіп оқитын оқырман қауымға үлкен сыйлық болғаны сөзсіз.

Мағжан шығармаларын насихаттауға әдебиеттанушы Сәуле Әмірханқызы Мансұрова да өз үлесін қосты, Сәуле Әмірханқызы Мансұрованың құрастыруымен Мәскеу қаласындағы «Русский раритет» баспасынан жарық көрген Мағжан туындыларымен Ресей оқырмандары да танысып, рухани нәр алуда.

Мағжан шығармаларын зерттеуге, оның шығармашылығына жете көңіл бөлінуіне облыс әкімі Т. А. Мансұровтың қосқан еңбегі өте зор. «Мағжан» әдеби-көркем көпшілік журналында жарық көрген «Мағжан — ұлт ақыны», «Его поэзия — настоящая» мақалаларында өңір басшысы Т. А. Мансұров ақын шығармаларының тереңіне бойлап, талдау жасайды.

Солтүстік Қазақстан педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтында да Мағжан мұрасы кеңінен насихатталып, білікті ұстаздардың тәжірибесі жинақталып отырады.

Мағжан Жұмабаев шығармашылығын оқыту қазақ және орыс тілдерін үйрену бойынша жыл сайынғы үздік оқу-әдістемелік құралдар байқауында насихатталады, мысалы, Ақжар ауданы Бестерек орта мектебінің мұғалімі Ә.Н.Әмірхановтың «Батыр Баян» поэмасы бойынша ұйымдастырған дебат-пікірсайыс сабақ үлгісі, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімі Б. Е. Бекматованың Мағжан шығармашылығы бойынша сабақ жоспары, қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі К. К. Есмұқанованың «Мағжантану және оқушыларды шығармашылық ізденіске бейімдеу» мақаласы оқушылардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын танытады.

Солтүстік Қазақстан педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында «Мағжантану» факультативтік курсының бағдарламасы жасалды, бұл бағдарлама облыс мұғалімдеріне Мағжан шығармашылығын насихаттауда зор үлесін қосуда.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңын, Мемлекеттік «Мәдени мұра» Бағдарламасын, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауының негізгі идеяларын жүзеге асыру, жас ұрпақтың тарихи танымын қалыптастыру, әдеби шығармаларға деген эстетикалық талғамын дамыту, отансүйгіштік сезім тәрбиелеу мақсатында ақынның туған жері Сартомарда жыл сайын облыстық Мағжан оқулары өткізіледі. Облыс бойынша 25 маусымда екінші рет өткізілейін деп отырған Мағжан оқуларының міндеті — мектеп оқушыларының Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығын тануға деген қызығушылығын арттыру, Мағжан Жұмабаевтың рухани мұрасын, ақын өмірі жайлы мәліметтерді игеруді жалғастыру, оқушыларды шығармашылыққа баулу, ақындық дарыны бар балаларға қолдау жасау.

Облыстық Мағжан оқуларына қазақ және орыс тілдерінде жалпы білім беретін мектептердің, облыстық барлық типті білім мекемелерінің 5-11 сынып оқушылары қатынаса алады. «Өлең — менің Шолпаным, Айым, Күнім» номинациясында оқушылар Мағжан өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқиды.

«Қиялмен арманға ұшқан, сағым құшқан» номинациясында оқушылар ақын шығармалары бойынша шығармашылық тапсырмаларды орындайды. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» номинациясында жас ақындар өз шығармаларымен таныстырады.

Дәстүрге айналған Мағжан оқулары оқушылар бойындағы ақын шығармаларына деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін нығайтуға көмектесетіні сөзсіз.

Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы ақын, ардақты азамат, білімді педагог Мағжан Жұмабаев өз шығармашылығында оқу-білімді, ұлттық тәрбие көздерінің құндылығын насихаттады. «Мен жастарға сенемін» өлеңінде жастарға үміт артады:

    Арыстандай айбатты.
    Жолбарыстай қайратты —
    Қырандай күшті қанатты.
    Мен жастарға сенемін!
    Көздерінде от ойнар,
    Сөздерінде жалын бар,
    Жаннан қымбат оларға ар,
    Мен жастарға сенемін!

Мағжан өзінің өнегелі өмірімен де қазіргі жастарға үлгі болып қала бермек.

rss2email

Новости официального сайта СКО ИПК и ППК


Система Orphus

На главную
Карта сайта
Вверх
© 2005–2012 Северо-Казахстанский ИПК и ППК
При использовании материалов ссылка на сайт обязательна
О проекте
    Разработка и  сопровождение сайта -- Веб-студия IVS Разработка и сопровождение
Веб-студия IVS