Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң
2004 жылғы 11 қарашадағы № 903 бұйрығы
Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша
республикалық олипиаданы өткiзу
ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелер
1. Жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олипиадаларды өткiзу ережесi (бұдан әрі Ереже) жалпы білім беретінпәндер бойынша жалпы орта білімнің білім беру бағдарламаларын белгіленген тәртіппен іске асыратын барлық білім беру ұйымдары оқушыларының республикалық олимпиадасының мақсаттары мен мiндеттерін, оны өткiзу және қаржыландыру тәртiбiн анықтайды.
2. Олимпиаданың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi: ғылыми бiлiмдi насихаттау және оқушылардың ғылыми қызметке қызығушылығын дамыту, дарынды балаларды анықтау үшін қажеттi жағдай тудыру, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды iрiктеу және даярлау, Қазақстан Республикасында бiлiмнiң беделiн көтеру.
3. Олимпиада бес кезеңде өтедi:
1) бiрiншi кезең білім беру ұйымдарында;
2) екiншi кезең аудандық (қалалық);
3) үшiншi кезең облыстық (Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ республикалық мектептердің олимпиадасы мәртебесі бойынша облыстық олимпиадаға теңеледi);
4) төртiншi кезең iрiктеу;
5) бесiншi кезең республикалық.
4. Олимпиаданы жыл сайын Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi (бұдан әрi Министрлiк) және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрi «Дарын» РҒПО) өткiзедi. Олимпиада өтетiн пәндер тiзбесiн, оған қатысушылардың санын және өтетiн мерзiмiн Министрлiк бекiтедi.
5. Олимпиаданың бірінші кезеңiн өткiзу мерзiмiн белгiлеу және білім беру ұйымдары үшін олимпиадалық тапсырмаларды әзiрлеуге жауапкершiлiк облыстық, Астана және Алматы қалаларының бiлiм басқармаларына (департаменттерiне) жүктеледi.
6. Екiншi және үшiншi кезеңдер аудандық (қалалық) және облыстық, Астана және Алматы қалалық, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес халықаралық бiлiм беру мекемелерiнің олимпиадаларын облыстық, Астана және Алматы қалаларының бiлiм басқармалары (департаменттерi) Министрлiктiң бұйрығымен белгiленген мерзiмде және «Дарын» РҒПО-ның жанындағы Республикалық әдiстемелiк кеңесi дайындаған тапсырмалар бойынша өткiзiледi.
Әр кезеңдi өткiзуден бiр ай бұрын облыстық, Астана және Алматы қалаларының бiлiм басқармалары (департаменттерi) әрбiр пәннен және сынып оқытылу тiлдерi бойынша қатысушылар санын көрсетiп, әр қатысушыға олимпиада тапсырмаларын дайындау үшiн «Дарын» РҒПО-ға сұраныстар жiбередi.
7. Төртiншi кезең iрiктеу кезеңі (үшінші кезеңнiң қорытындылары бойынша өткiзiледi), ол республикалық олимпиадаға дайындық деңгейi ең жоғары оқушыларды таңдап алу мақсатында өткiзiледi. Іріктеу кезеңіне үшінші кезеңнің қазылар алқасы үздік деп таныған әр сынып және пән бойынша жүлдегерлердің үш үздік жұмысы жіберіледі.
8. Бесiншi кезең республикалық олимпиада, Министрлiктiң бұйрығымен белгiленген мерзiмде өткiзiледi. Соңғы кезең үшін тапсырмаларды республикалық әдiстемелiк кеңес әзiрлейдi.
2. Олимпиадаға қатысушылар
9. Олимпиаданың бiрiншi және екiншi кезеңдерiне орта білім беру жүйесі ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары қатысады. Орыс тiлiнде оқытатын мектептердегi қазақ тiлi пәнi бойынша олимпадаға ұлты қазақ оқушылар қатыса алмайды.
Олимпиаданың үшiншi кезеңiнде 9-11 сынып оқушылары (екiншi кезеңнен iрiктелiп алынған ең үздiк үш қатысушы, Астана қаласы үшiн-алты), сондай-ақ «Дарын» РҒПО-ға облыстық ұйымдастыру комитетi берген ұсынысына орай «Дарын» РҒПО жанындағы сырттай оқытатын мектептердiң олимпиада жеңiмпаздары қатысады.
Орта буын сынып оқушылары тиiстi деңгейдегi бiлiмi болған жағдайда, жоғары сынып оқушыларына арналған бағдарлама бойынша олимпиадаға қатысуға жiберiлуi мүмкiн.
10. Олимпиаданың үшiншi кезеңiн өткізу нәтижесі бойынша республикалық олимпиаданың ұйымдастыру комитетiнің өткен жылдардың олимпиада қорытындыларын және үшінші кезеңге қатысқан оқушылар санын ескере отырып ұсынған жұмыстардың санын көбейтуге құқығы бар. Жiберiлген жұмыстар үшiншi кезеңге қатысушылар тапсырмамен қоса алған талаптарға сәйкес ресiмделуi тиiс. Осы жұмыстарды бiрыңғай өлшемдер бойынша тексерген соң, қазылар алқасы әр сынып және пән бойынша олимпиаданың бесiншi кезеңiне қатысушыларды анықтайды.
11. Олимпиаданың бесiншi кезеңiне жаратылыстану-математика пәндерi бойынша 9-11 сынып оқушылары және гуманитарлық пәндері бойынша 10-11 сынып оқушылары, «Дарын» РҒПО жанындағы сырттай оқытатын олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары, сондай-ақ «Қазақ тiлi мен әдебиет» пәнiнен әр елдерден қазақ диаспорасының өкiлдерi қатыса алады.
12. Республикалық олимпиадаға қатысатын облыстар, Астана және Алматы қалаларының командаларын ең үздiк мамандар, әдiскерлер, сондай-ақ пән мұғалiмдер басқарып келу олимпиада барысында олимпиадаға қатысушыларды даярлау жөнiнде тәжiрибе алмасу, жалпы бiлiм беретiн пәндердi оқыту проблемалары жөнінде өткiзiлетін пiкiралмасуларға, семинарларға қатысады. Олимпиадаға қатысушылар үшін Жетекшi олимпиада өтетiн жерге алып келу және тұратын жерiне алып қайту жолында, олимпиада барысында толық жауапкершiлiкте болады.
3. Олимпиаданы қаржыландыру
13. Олимпиаданың бірінші-үшінші кезеңдерiн қаржыландыруды тиiстi бiлiм беру органдары жүзеге асырады. Мемлекеттiк емес халықаралық мектептер оқушыларының қатысуына байланысты шығыстарды жiберуші тарап көтередi.
14. Олимпиадаға қатысушыларды орналастыру, тамақтандыру, үй-жайды, көлiкті жалға алу, қаражаты, сыйлықтар сатып алу, аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерге арналған олимпиада тапсырмаларын дайындау жөніндегі, сондай-ақ қазылар алқасының жұмысын және олимпиаданы өткiзу кезiндегi республикалық олимпиада материалдары мен құжаттарын басып шығару жөніндегі жұмысқа және көбейтуге ақы төлеуге байланысты республикалық олимпиада мен іріктеу кезеңінің шығыстарын, республикалық ұйымдастыру комитетi мен қазылар алқасы мүшелерiнiң iссапар шығыстарын «Дарын» РҒПО көтереді. Қатысушылар мен жетекшiлердiң жол ақысын төлеуді облыстық, Алматы және Астана қалаларының бiлiм басқармалары (департаментерi) төлейдi.
15. Олимпиаданы бірге ұйымдастырушыларға олимпиадаға қатысушылардың мәдени, ынталандыру сыйлықтарын сатып алуға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық-жарнамалық қолдау көрсетуге арнап қосымша қаржы бөлу жүктеледi.
4. Олимпиаданың жұмыс органдары
16. Олимпиаданы дайындау және өткiзу жөнiндегi ұйымдастыру жұмыстарын үйлестiру және жүзеге асыру үшiн Министрлiктің бұйрығымен Республикалық ұйымдастыру комитетi құрылады. Республикалық ұйымдастыру комитетiнiң құрамына Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым вице-министрi, Министрліктің тиісті департаменттері директорлары, «Дарын» РҒПО-ның директоры кiредi.
17. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым вице-министрi республикалық ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы болып табылады. Құпиялықты сақтау үшiн ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы тапсырмаларды бекiтедi.
18. Олимпиаданың республикалық ұйымдастыру комитетi «Дарын» РҒПО-мен бiрлесе отырып:
1) олимпиаданың барлық кезеңдерiн өткiзудiң жалпы тәртiбiн анықтайды;
2) олимпиадаға тiкелей басшылық жасауды жүзеге асырады;
3) олимпиаданы өткiзудiң қажеттi ғылыми-әдiстемелiк деңгейiн қамтамасыз ету үшiн пәндер бойынша әдiстемелiк комиссияларды қалыптастырады;
4) ғылым негiздерi бойынша пәндік қазылар алқасы мүшелерiнiң құрамы және саны жөнiнде Министрлiкке ұсыныс бередi;
5) республикалық олимпиаданың қорытындысын талдайды және қорытындылайды, Министрлiк алқасының бұйрығы шешiмiмен жобасын әзiрлеуге қатысады;
6) олимпиада материалдарын баспасөзде жариялайды.
19. Олимпиаданың бірінші-үшінші кезеңдерiне басшылық жасауды жүзеге асыру үшiн мектептiк, аудандық, облыстық (қалалық) ұйымдастыру комитеттерi құрылады. Олардың құрамын тиiстi бiлiм беруді басқару органдары бекiтедi.
20. Құрамына пәндік қазылар алқасының төрағалары кiретін республикалық әдiстемелiк кеңестiң:
1) олимпиаданың екiншi, үшiншi және бесiншi кезеңдерiнiң теориялық және эксперименттiк тапсырмалары мәтiнiнің соңғы нұсқасын әзірлейді;
2) олимпиаданың барлық кезеңдерiн өткiзу жөнiнде әдiстемелiк ұсыныс әзiрлейдi;
3) әр пән бойынша олимпиаданы өткізу нысанын, тапсырмалардың үлгiсiн және бағалау өлшемдерiн анықтайды.
5. Олимпиаданың қазылар алқасы
21. Республикалық олимпиаданың пәндік қазылар алқасы (бұдан әрі-қазылар алқасы) төраға, хатшы және мүшелерiнен тұрады. Қазылар алқасының саны пәнге байланысты 5-6 адамнан құралады. Олимпиаданың қазылар алқасы төрағасы мен құрамын Республикалық ұйымдастыру комитетiнiң және «Дарын» РҒПО-ның ұсынысымен Министрлiк бекiтедi. Олимпиаданың қазылар алқасы төрағасы мен мүшелерi олимпиаданың алдыңғы өткен кезеңдерiндегi қазылар алқасының құрамына кiруiне құқы жоқ.
Қазылар алқасы құрамына жоғары оқу орындарының оқытушылары, аспиранттар, бұрын халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерi болған студенттер, атағы кіршіксіз, жоғары білікті әдiскерлер, тәжiрибелi мұғалiмдер және бiлiм беруді басқару органдарының өкiлдерi енедi. Қазылар алқасы құрамына оқушылары олимпиаданың облыстық және республикалық кезеңiне қатысатын мұғалiмдердiң кiруге құқығы жоқ.
22. Олимпиаданың төртінші-бесінші кезеңiнiң қазылар алқасының төрағасы:
1) Республикалық әдiстемелiк кеңеспен бiрлесе отырып, олимпиаданың екiншi, үшiншi және бесiншi кезеңдерiнiң теориялық және эксперименттiк тапсырмалары мәтiнiнің соңғы нұсқасын құрастырады және әзірлейді;
2) орыс тiлiндегi тапсырмалардың қазақ тiлiне дәлме-дәл аудармасына, берiлген тапсырмалардың ғылыми-әдiстемелiк деңгейiне, мiндеттердiң нақтылығына және олардың олимпиаданың тиiстi кезеңi талабына сәйкестiгiне жауап бередi;
3) тиiстi кезеңдерi өткенге дейiн тапсырмалардың құпиялығына жеке жауап бередi;
4) пәндік тапсырмалардың орындалуын бағалау өлшемдері туралы ұсыныс және пәндік олимпиаданың регламенттерін (турлардың саны және бағытын, әрбір турдың ұзақтығын, қажетті құралдардың тізбесін және т.б.) әзірлеу жөніндегі жұмысын ұйымдастырудыжасайды,;
5) «Дарын» РҒПО-ға аталған пән бойынша олимпиада қорытындысы туралы есеп бередi.
23. Олимпиаданың қазылар алқасы:
1) тапсырмалардың орындалуын бағалау өлшемдерін бекітеді, жұмыстарды тексереді және бағалайды, қатысушыларды үшiншi және бесiншi кезең тапсырмаларының авторлық шешімімен және жұмыстарды тексеру нәтижесімен таныстырады;
2) олимпиадаға қатысушылардың жұмысын бағалаудағы келiспеушiлiктi талқылайды және қажет болған жағдайда тиiстi түзетулер енгiзедi;
3) жеңiмпаздарды анықтайды және жүлделi орындарды беру үшін Республикалық ұйымдастыру комитетіне ұсыныс береді;
4) олимпиадаға қатысушылармен орындалған тапсырмаларды талқылауды және үйлестіруді жүргізеді;
5) «Дарын» РҒПО жанындағы сырттай оқытатын олимпиадалық резерв мектебiне оқушыларды қабылдау жөнiнде ұсыныс енгiзедi;
6) ұйымдастыру комитетiмен бiрлесе отырып, оқу дайындық жиынының, «Дарын» бейіндік мектебiнiң олимпиадалық ауысымының қатысушылары құрамын анықтайды.
6. Үйлестiрудi жүргiзу тәртiбi
24. Жұмыстарды бағалауда барынша әдiлдiктi қамтамасыз ету үшiн әрбір турдан соң олимиадаға қатысушылардың барлығымен тапсырмалар талқыланады. Тапсырмаларды талқылаудан кейiн қатысушылардың тiлегi бойынша жұмыстарды үйлестiру жүргiзiледi. Үйлестiрудiң мақсаты-жұмыстарды бағалауда олимпиадаға қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелерi арасында толық өзара түсiнiстiкке қол жеткiзу болып табылады.
25. Үйлестiруді қазылар алқасының төрағасы тапсырманы бағалаған қазылар алқасының мүшесi тiкелей олимпиадаға қатысушымен өткiзедi.
26. Олимпиадаға қатысушы қазылар алқасының бағасымен келiспеген жағдайда, ол ұйымдастыру комитетiнiң төрағасына шағым айтуына болады, төраға үйлестiруге бөлінген мерзiмде мамандар қатарынан осы мәселенi шешу жөніндегі тиiстi комиссия құруға құқылы.
27. Iрiктеу кезеңнiң жұмыстарын үйлестiру Республикалық олимпиаданың бесінші кезеңіне қатысушылардың тiзiмiн Министрлiк бекiткеннен кейiн 10 күн iшiнде өткiзедi. Бесінші кезеңге өтпеген оқушыларға үшінші кезең жұмыстарының рецензиясы берiледi.
7. Олимпиадаға қатысушыларды марапаттау
28. Олимпиаданың ашылуы, қорытындысын шығару және қатысушыларды марапаттау салтанатты және мерекелiк жағдайда өтедi.
29. Мектептiк, аудандық (қалалық) және облыстық олимпиадалардың жүлдегерлерi тиiстi бiлiм беру органдарының дипломдарымен, грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталады.
30. Республикалық олимпиадалардың жеңiмпаздары пәндік қазылар алқасының шешiмiмен әр пән және сынып бойынша бірінші, екінші, үшінші дәрежелi дипломдармен, грамоталармен, сондай-ақ арнайы және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Әр пән және сынып бойынша алты жүлделi орын тағайындалады, ерекше жағдайларда, алтыншы нәтиже көрсеткен жүлдегермен бiрдей ұпай алған, қатысушыларға қазылар алқасы төрағасының ұсынысымен және республикалық ұйымдастыру комитетiнiң төрағасының шешiмiмен қосымша жүлделi орын берiлуi мүмкiн.
31. Оқушылары жүлделi орынды иеленген мұғалiмдер, жалпы бiлiм беретін ұйымдардың оқытушылары, сондай-ақ республикалық олимпиаданы дайындау және өткiзуде белсендiлiк танытқан бiлiм беру ұйымдарының қызметкерлерi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiлiгiнiң Құрмет грамотасымен және медальдарымен, басқа да Қазақстан Республикасы Үкiметінің наградаларымен марапатталады.
8. Халықаралық олимпиада
32. Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін Министрлік халықаралық олимпиаданы қабылдайтын елдің халықаралық комитеті әзірлеген ережені басшылыққа алады.
33. Министрлiк «Дарын» РҒПО-ның ұсынысымен халықаралық олимпиадаға оқушыларды даярлайтын ғылыми жетекшiсін және қазақстан құрама командасының жетекшiсiн тағайындайды. Жетекшiлер команда даярлау деңгейi және сапасына жауап бередi, олимпиада тапсырмаларын талқылауға қатысады, олардың мәтiнiн қазақ немесе орыс тiлдерiне аударады, команда мүшелерi жұмысын тексеруге және үйлестіруге қатысады, сондай-ақ команда мүшелерiнiң өмiрi мен денсаулығына сақтауға бередi.
34. Республикалық олимпиада жазғы және қысқы оқу дайындық жиыны, «Дарын» РҒПО жанындағы олимпиадалық резерв жөнiндегi сырттай оқытатын мектептегi оқыту кезiнде оқушылар арасынан қазақстанның құрама командасына халықаралық олимпиада ұйымдастыру комитеттерінің талаптарына сәйкес кандидаттар қабылдау жүргiзiледi.
Команданың құрамы кандидаттың алдыңғы республикалық олимпиадаларды, оқу-дайындық жиындарында, сондай-ақ соңғы оқу-іріктеу жиынының күрделілігі халықаралық олимпиадаға мейілінше жақындатылған теориялық және эксперименттік турлары кезінде алған рейтингінің қорытындысы бойынша анықталады.
35. Қазақстан құрама командасының мүшелері бiтiру мектеп емтихандарынан Министрліктің бұйрығы негiзiнде босатылады.
36. «Дарын» РҒПО құрама командаға кандидаттар даярлауды ұйымдастырады, сондай-ақ, халықаралық олимпиада жетекшiлерi мен қатысушыларын iссапар қаражаттарымен қамтамасыз етедi.
9. Республикалық олимпиадалар өтетін жалпы білім беретін пәндер
- Қазақ тілі және әдебиеті
- Орыс мектептеріндегі қазақ тілі
- Орыс тілі және әдебиеті
- Қазақ мектептеріндегі орыс тілі
- Қазақстан тарихы
- Ағылшын тілі
- Неміс тілі
- Француз тілі
- Математика
- Информатика
- Физика
- Химия
- Биология
- География
- Ұйғыр тілі
- Өзбек тілі